ҚАНТҚА ТӘУЕЛДІ ЕЛ: 30 ЖЫЛ ІШІНДЕ ЕЛІМІЗДЕ ҚАНТ ӨНДІРІСІ НЕГЕ ДАМЫМАҒАН?

Қазіргі уақытта дүкендер қантты бір адамға 2 килограмнан көп сатпайды. Тіпті осы тәтті өнім үшін ұрыс, төбелес те орын алып жатыр. Әрине, тосап жасаудың кезеңі басталып кетті. Неліктен осындай жағдай туындап отыр? Фермерлер қант қызылшасын өсіруді неге тиімсіз дейді? Соны анықтап көрейік.

Қант тапшылығының себептері

Мәселе наурыз айында туындай бастады: Ресей қыркүйекке дейін қант экспортын тоқтатты деп мәлімдеген. Ал бұл елден бізге қант импортының 80%-ы келеді. Жалпы қазақстандық дүкендерде қанттың 57%-ы – импорт.

Еліміздің зауыттары нарық қажеттілігінің 43%-ын жабуда. Осы тұста отандық шикізаттың тек 10%-ы қолданылып, қалғанының бәрі импортталған шикізат. Бразилия да қант экспортын шектетті. Осылайша, қант ешкімге жетіспейтіні белгілі болды.

Тиімсіз кәсіп

Фермерлер наразы:

«Қызылша өсіру қиын әрі қымбат – импортталған тұқымдар, қымбат тыңайтқыштар, онсыз өспейді. Ал бәрі не үшін? Егінді зауыттарға төмен бағамен тапсыру үшін бе? Бұл тиімсіз. Одан да соя немесе жүгері отырғызған дұрыс»

«Қант зауыты — монополист! Біз өнімдерімізді басқа ешкімге тапсыра алмаймыз, таңдауымыз жоқ, ал ол жағдайды пайдаланады»

Аграршылардың айтуынша, гектарға жұмсалатын шығындар қазіргі бағаны ескере отырып, 900 мың теңгені құрайды. Бірақ қант зауыттары қабылдау құнын өзгертуге асықпайды.

Тағы бір мәселе — оңтүстік облыстардың фермерлеріне су ресурстары жетіспейді, ал қант қызылшасы – ылғал сүйгіш дақыл.

***

30 жыл ішінде қантты қажетті көлемде, халыққа жетерліктей өндіру үшін жағдай жасалмағанына не кедергі болды? Шенеуліктер қант бар, қорлар толы деп баяндап жатқанда, жағдай мәз емес. Қант дефициті жалғасуда.

Министр Бахыт Сұлтанов қоймаларда қант қоры 300 мың тоннадан асады десе, Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев – 101,4 мың тонна деп отыр. Кімге сенеміз?

Пікірлеріңізді MalBazar телеграм-арнамызға жазыңыздар

Назад Следующая запись