ҚАНТ ЖОҚ: 15 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛУЫ МҮМКІН

Қазақстандағы Алкогольді емес сусын өндірушілер қауымдастығы шикізаттың, яғни қанттың тапшылығын айтып, дабыл қақты. Қауымдастық келтірген деректерге сенсек, егер қант мәселесі шешілмесе, құрамында алкоголь жоқ сусын өндіру саласының 15 мыңнан астам адамы жұмыссыз қалады.


Естеріңізде болса, наурыз айында дүкен сөрелерінен қант табу қиынға соққан еді. Алайда, еліміздегі Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда қант тапшылығы жоқ екенін және қолда бар қорлар үнемі толтырылып отыратынын хабарлады. Бірақ олардың бұл уәжіне сарапшылар күмән келтірген еді.


Қант тапшылығына нүкте қою үшін тағы бір амал-шарғы жайлы ақпарат шықты. Қазақстан ақ және құрғақ қантты экспорттауға уақытша тыйым салды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Қант тасымалын тоқтату туралы шешім 2022 жылдың 23 мамырынан бастап қолданысқа енеді. Шикізат тапшылығын болдырмау мақсатында қабылданған бұл бұйрық 6 ай бойы күшінде болмақ.

Артқа оралу Келесі жазба