ҒАЛЫМДАР: “КИІКТЕР САНЫН РЕТТЕМЕСЕ АДАМ МЕН ҮЙ ЖАНУАРЛАРҒА ҚАУІП ТӨНІП ТҰР”

Бүгінде киіктер мәселесі өшігіп тұрғаны сөзсіз, әсіресе Батыс-Қазақстан облысының тұрғындары үшін. Саны 1 миллионнан асқан осы жануарлар қарапайым халықтың алқаптарын таптап, жасалған мал қорын құртуда. Бұл киелі жануарлар деген де бар, алайда ғалымдардың айтуынша, киіктер санының артуы мен тығыз орналасуы үй жануарлар мен тіпті адам денсаулығына әсер ету қаупі бар.

Мәселені ғылыми тұрғыда зерттеу және шешу жолдарын ветеренария ғылымдарының докторы, профессор, Жәңгір хан атындағы БҚО аграрлық техникалық университетіндегі «Ветеринарлық және биологиялық қауіпсіздік» жоғары мектебінің жетекшісі Қайсар Кушалиев баяндап берді.

Қайсар Жәлитұлы, қазір өңірде киіктер санының артуына байланысты қандай зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырсыздар?

-Ғалымдармен бірігіп мәселені егжей-тегжейлі қарастырып жатқанымызға біраз болды. Шынымен де, осы жануарлардың көбеюі үлкен мәселе болып тұр. Сондықтан санын реттеуде кешенді тәсілдер қажет. Оны әрине құзырлы органдар шешеді, біз ғылыми тұрғыда тек ұсыныстарымызды береміз. Қазір киіктер санын реттеу бойынша биологиялық негіздеме жасап жатырмыз. Оның ішінде реттеудің бірнеше тәсілдерін толығымен жазып экология министрлігінің комиссиясына ұсынбақшымыз.

Қандай тәсілдер?

-Біріншіден, киіктерді Жайықтың басқа жағына айдау, бірақ жануарлар үйреншікті тіршілікке қайтып келуі мүмкін. Екінші жолы — әуесқойлық аң аулау, үшінші тәсілі — кәсіпшілік ату, төртінші жолы – ақбөкендерді желілік коральмен аулау. Әрине, біз тек биологиялық жағдайдан зерттеп жоба береміз. Шешетін биздер емес. Егер киік етін өңдеуге жіберу жолы қарастырылса, төртінші жолын таңдау қажет, себебі онда еті қандалмай, таза болады. Айта кету керек, өңдеу алдында арнайы ветеринарлық қызмет етті зерттеп, жарамдығы бойынша міндетті түрде санаттарға бөледі. Ал мүйіздерін фармацевтикалық салада қолдануға болатыны дәлелденді. Сондықтан осы фактіні де жобамызға қосамыз.

Киіктер санының артуы салдарынан қандай мәселелер пайда болуы мүмкін?

-Шаруалар алқаптарына және мал қорына тигізіп жатқан кері әсерлері белгілі ғой. Барлығы тапталып жатыр. Малға азық жетпеуде. Осыған қоса басқа да үлкен мәселе – ол инфекциялық аурулар. Киіктер мен үй жануарларының тығыз орналасуына байланысты жұқпалы аурулар таралуы әбден мүмкін. Індеттік жұқпалы аурулар: пастереллез, инфекциялық энтеротоксемия. Паразиттік гельминтозды аурулар: эхинококкоз, ценуроз, мониезиоз. Бір жерде жайылады ғой. Өлген киіктердің денесін, ішін қарағанда көптеген паразиттер табылады. Бұл үй жануарларына жұғуы мімкін. Адамға да жұғатын эхинококкоз ауруы да таралуы мүмкін. Бұл өте жаман індет. Үй жануарлары ауырса ветеринарлар екпе салып емдей алады, ал киіктерді қалайша егуге болады? Бұл мүмкін емес. Сондықтан да санын міндетті түрде реттеу қажет. Немесе аурулар жұғып мал да қырылу қаупі әбден бар.

Ал сіздер ғалымдардың тарапын қолдайсыз ба?

Жауаптарыңызды телеграмдағы MalBazar арнасына қалдырыңыздар

Артқа оралу Келесі жазба