АЛМАСБЕК САДЫРБАЕВ: ВЕТЕРИНАРИЯ РЕФОРМАСЫ АЙЛЫҚТЫ КӨТЕРУМЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ

«Шопан Ата» Агро қозғалысы жетекшісінің айтуынша, салада қордаланған мәселе көп, деп хабарлайды Мalbazar.kz.

– Отандық ветеринария саласына реформа керек деген әңгіменің айтылып келе жатқанына біршама уақыт болды. Жаңа Қазақстанды құру жағдайында сөзден іске көшіп, нақты бастамаларды жүзеге асыру керек. Ел Президентінің осыған қатысты берген нақты тапсырмасы бар. Жуырда еліміздің батысы мен оңтүстігін тегіс аралап, шаруалар құрылтайын өткіздік. Сонда көтерілген негізгі проблеманың бірі ветеринария саласына қатысты. Сол себепті біздің агро қозғалыс мәселенің оң шешілуіне мүдделі, – дейді Алмасбек Садырбаев.


Бұл ретте, «Шопан Ата» Агро қозғалысы елдегі ветеринарлардың басын қосып, ортақ іске жұмылдыруға ниетті. Ондағы мақсат – реформаны тиімді жүзеге асыруға атсалысу. Яғни, жер-жердегі сала мамандарының ұсыныс-пікірлерін тиісті органдарға жеткізу.


– Бұл реформаның маңызы зор. Біріншіден, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін керек. Екіншіден, мал шаруашылығын дамытуға жол ашылады. Демек, экономика алға басады. Үшіншіден, мамандандырылған білім және еңбекпен қамту мәселелері реттеледі. Қысқасы, реформаның пайдалы тұсы көп. Ветеринариядағы реформа айлықты көтерумен шектелмейді. Реформа бірінші кезекте сала мамандарына тиімді болуы керек. Ал ненің тиімді я тиімсіз екенін ветеринарлардың өзінен басқа ешкім білмейді. Сондықтан біз елдегі әрбір ветеринар маман жаңа реформаға атсалысса екен дейміз. Әйтпесе, саланың иісі мұрнына да бармайтын әлдекімдер атүсті шешім қабылдай салуы әбден мүмкін, – дейді Алмасбек Садырбаев.

Артқа оралу Келесі жазба