5 МЫҢ ТОННА КЕБЕК: ТАҒЫ ДА ӨТІРІК УӘДЕ МЕ?

Мамыр-маусым аралығында Маңғыстаудағы мал шаруашылығы иелеріне 5 мың тоннадай кебек жеткізілмек. Әрі оның құны нарықтағыдан арзан болмақ. Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі осылай деп мәлімдеді.

Белгілісі, бұл шаруа Азық-түлік корпорациясы арқылы тындырылмақ. Сонымен қатар, Үкімет жол картасын жүзеге асыру аясында жем-шөп қорын қалыптастыруға қаражат бөледі. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, биыл көлемі 200 мың тонна болатын жем-шөп қорын қалыптастыруға 20 миллиард теңге бөлінеді. Осылайша министр былтырғы құрғақшылық қайталанған жағдайда, мал мен құс шығыны болмайды, — деп сенім білдірді.


Маңғыстаулық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүддесі үшін азықты арзандату бойынша жан-жақты шаралар қабылданды. Тек Маңғыстау облысының әкімдігі асыл тұқымды мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға 2022 жылға жергілікті бюджеттен 579,7 млн теңге бөлді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының аналық мал басы азығының құнын арзандатуға 384 млн теңге қарастырылған.


Аста-төк бұл уәдеге маңғыстаулық шаруалардың сенгісі жоқ. Себеп мынада.


Былтырғы қуаңшылық кезінде Үкімет келісі 50 теңге болатын кебекпен қарық қыламыз деді. Тіпті, осы жылдың ақпан-наурызында қап-қабымен жеткіземіз деп уәде берген. Бірақ сол уәде толық орындалмады. Ең көп кебек жеткізілді деген Маңғыстау ауданының өзінде бір шаруаға әрі кетсе елу-ақ қап кебек тиді. Енді кеп 5 мың тоннадай кебек жөнелтеміз дейді. Көзімізбен көріп, қолымызбен ұстамайымызша, сену қиын, — деп қайырды Маңғыстаудағы шаруа қожалығының иесі Әділбек Сағындықов.

Артқа оралу Келесі жазба